Қазақстан 40 мың бас ірі қара және 20 мың бас ұсақ мал сатып алуға 80 млрд теңге қарастырды. Бұл шаралар мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарында қамтылған. 2026 жылдың басынан бері алыс шетелдерден 7234 бас ірі қара әкелінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Асыл тұқымды мал басын жаңарту табынның генетикалық әлеуетін жақсартуға, мал өнімділігін арттыруға, сүт және ет өндірісін ұлғайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігін көтеруге бағытталған.
Түркістан облысындағы «Азия Милк» тауарлы-сүт фермасына Даниядан 165 бас голштин тұқымды малдың кезекті легі келді. Алдыңғы жеткізілімді есепке алғанда, шаруашылық осы елден 330 бас әкелді.
Бұған дейін Даниядан 165 бас голштин тұқымды мал «Майлыкен Ферм» фермасына, сонша бас Dar Organik фермасына жеткізілген болатын.
Солтүстік Қазақстан облысында «Буденное СК» ЖШС-нің сүт кешені Германиядан 165 бас голштин қашар алды. Бұл шаруашылыққа бесінші жеткізілім, жалпы мал басы 825-ке жетті. Кәсіпорын барлығы 1200 бас әкелуді жоспарлап отыр.
Кешеннің құрылысы 2025 жылдың күзінде аяқталды. Содан кейін табынды кезең-кезеңімен жасақтау және өндірістік процестерді іске қосу басталды. Алғашқы мал 2026 жылы келді, ал наурызда фермада тұңғыш бұзаулар дүниеге келді. Жеткізілімдер аяқталған соң шаруашылық импорттық мал басымен толық жасақталады.
Шығыс Қазақстан облысында «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің сүт-тауар фермасына Ресейдің Пермь өлкесінен 224 бас голштин тұқымды құнажын әкелінді.
Ферма 1075 бас ірі қараға арналған. Кәсіпорын заманауи жабдыққа, қажетті ауыл шаруашылығы техникасына және өз жем-шөп базасына ие. Оның қарамағында малды азықпен қамтамасыз ету үшін 4500 гектардан астам егістік жер бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қарастырылған шаралар шаруашылықтарға табынды дәйекті жаңартуға, мал өнімділігін арттыруға және өндірістік қуаттарды кеңейтуге көмектесуі тиіс.
Бұған дейін «Курсив» Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті бағасының күрт өсуіне негіз жоқ деп отырғанын жазған. Вице-министр Назгүл Хатепованың айтуынша, ішкі нарық өз өндірісімен толық қамтамасыз етілген: былтыр елде 434 мың тонна сиыр еті өндірілді. Мәлімдеме жасалған кезде орташа баға килограмына шамамен 3,8 мың теңге болды.


