Алматыда полиция «Атакент» саябағы маңында оқ атылғаны туралы куәгерлер хабарлаған оқиғаға қатысты күдіктіні ұстады. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, дабыл түнде түскен, көп ұзамай ер адам табылып, қамауға алынған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Полиция дерегінше, Бостандық ауданына «Атакент» саябағының жанында оқ атылғаны туралы хабарлама келіп түскен. «Куәгер дулыға киген белгісіз ер адам мылтыққа ұқсайтын заттан оқ атып, кейін велосипедпен қашып кеткенін хабарлады. Дабыл түнде, сағат 02:00-де түсті. Оқиға орнына дереу «Буран — 431» патрульдік экипажы жіберілді. Полицейлер айналаны тексеріп, ер адамның болжамды қозғалыс бағытын анықтап, ізін тапты», — деп хабарлады полицияда.
Көп ұзамай күдікті бір пәтерден ұсталды. Тұрғын үйдің ішінен бөлшектелген тегіс ұңғылы мылтық, 100 патрон және екі гильза табылды.
«Барлық қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді. Қаруды заңсыз ұстау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Түнгі оқиғаның мән-жайы анықталуда. Оқ шынымен атылды ма — тергеу барысында анықталады», — делінген полиция хабарламасында.


