Қазақстанда 2027 жылдан бастап отбасылардың әл-ауқат санаттары қолданысқа енеді. А және В санаттарына жатқызылған азаматтар мемлекеттік жәрдемақының бір бөлігінен, атап айтқанда бала туғанда берілетін төлемді алу құқығынан айырылады. Алайда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атап өтуінше, берілген санат тұрақты әрі өзгермейтін дүние емес, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Отбасын бағалау 59-дан астам көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Ақпарат «Отбасының цифрлық картасы» аясында алынады — бұл жүйе барлық азамат туралы деректерді жинап, оларды мезгіл-мезгіл жаңартып отырады.
Егер отбасының жағдайы айтарлықтай өзгерсе — мысалы, біреуі жұмысынан айырылса немесе жалпы табыс азайса — бұл оның әл-ауқатын бағалау кезінде ескеріледі. Осындай өзгерістерге байланысты отбасы мемлекеттік қолдауға құқығы бар санатқа (C, D, E) өтсе, төлемдерді тағайындау немесе қалпына келтіру заңда белгіленген шарттар бойынша жүргізіледі.
Маңыздысы: отбасының басқа санатқа өтуі төлемдердің автоматты түрде тағайындалатынын білдірмейді. Ол үшін отбасының барлық белгіленген талаптарға сай келетінін тексеру қажет.
Бұған дейін Қазақстанда отбасының қай әл-ауқат санатына жататынын қалай анықтауға болатыны туралы хабарланған. Сондай-ақ жақында үкіметте кейбір азаматтардың жәрдемақыдан өз бетінше бас тарта бастағаны айтылды. Сонымен қатар Қазақстанда әл-ауқат деңгейін тексеруге арналған калькулятор іске қосылды, оны кез келген адам пайдалана алады.


