Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктердің иелеріне уақытша тіркеу мерзімінің аяқталатыны ескертілді. Алғашқы бесжылдық тіркеу мерзімдері қазірдің өзінде аяқтала бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы полиция департаменті автокөлік иелеріне тіркеу мерзімі мен құжаттарды алдын ала тексеруді ұсынды. Егер уақытша тіркеу мерзімі аяқталып қалса, азаматтардан мәселені кейінге қалдырмай, көлікті одан әрі пайдалану тәртібін алдын ала нақтылау сұралады.
Полицейлер автокөлікті пайдалану Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес болуы керектігін де еске салды.
Уақытша тіркеу бағдарламасы 2023 жылдың шілдесінде басталған болатын. Ол Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, бірақ бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарылмағандықтан немесе өзге де шектеулерге байланысты заңдастырылмаған автокөліктерге қолданылды.
Мұндай иелерге бес жыл мерзімге уақытша есепке қоюға рұқсат берілді, осы уақыт ішінде олар көліктің құқықтық мәртебесін реттей алады. Уақытша тіркеу ресімделген кезде куәлікке «иелену құқығынсыз және ҚР шегінен шығу құқығынсыз» деген белгі қойылды. Шетелдік мемлекеттік нөмірлер мен тіркеу құжаттары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылды.
Бес жылдық мерзім аяқталған соң уақытша тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. Бұл шара Қазақстанда 2023 жылдың 23 қаңтары мен 1 шілдесі аралығында өткен шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқанының жалғасы болды.
Бұған дейін Түркістан облысында тіркеусіз автокөліктер анықталып жатқаны хабарланған болатын.


