Қазақстанда ойын мекемелерін орналастыруға рұқсат етілген аймақтар ресми түрде айқындалды, деп хабарлайды infohub.kz.

Үкімет қаулысына сәйкес, казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында, сондай-ақ Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасуы мүмкін.

Бұдан басқа, казино мен ойын автоматтары залдары тек шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға, ойын мекемелерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ еңбек немесе қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты онда жүрген адамдарға ғана қолжетімді болатын аумақтар тізбесі бекітілді. Бұл тізімге Алматы облысының Талғар және Ұйғыр аудандары, Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы, Жетісу облысының Алакөл көлінің жағалауы мен Панфилов ауданы, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл және Зайсан аудандары, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы, сондай-ақ Абай облысындағы Алакөл көлінің жағалауы енді.

Қаулы 2026 жылғы 11 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризм және балалар спорты мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерге қол қойған болатын, олар ойын бизнесі туралы заңға да өзгерістер енгізеді.