Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының смартфон қолдану ережелерін бекітетін бұйрық қабылдады: ұялы байланыс құрылғысын тек педагогтің рұқсатымен ғана пайдалануға болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкісінің сайтында орта білім беру ұйымдарында телефон қолданудың барлық ережелері жазылған оқу-ағарту министрінің бұйрығы жарияланды.
Құжатқа сәйкес, оқу сабағы кезінде ұялы байланыс құрылғысы пайдаланылмайды, алайда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, телефонды оқу мақсатында педагогтің нұсқауымен, оқу тапсырмасын орындау үшін қажет болғанда; білім алушының, тәрбиеленушінің немесе өзге адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туындағанда; білім алушының немесе тәрбиеленушінің денсаулық жағдайына байланысты ұялы байланыс құрылғысын пайдалану қажет болғанда қолдануға жол беріледі.
Бұйрықта оқу сабағы басталғанға дейін білім алушы телефонды дыбыссыз режимге қойып, дірілдеу мен дыбыстық сигналдарды өшіретіні не оны өшіретіні жазылған. Сонымен қатар мектептер ұялы байланыс құрылғыларын орналастыру үшін арнайы жабдықталған орындарды айқындай алады.
Егер сабақ кезінде телефон қажет болса, бұйрықта ұялы байланыс құрылғысын оқу мақсатында пайдаланғанда педагог ұялы байланыс құрылғысын пайдалануды қажет ететін оқу тапсырмасын айқындайтыны көрсетілген. Ұялы байланыс құрылғысын пайдалану басталғанға дейін педагог білім алушылар мен тәрбиеленушілерге оқу тапсырмасының мазмұнын, ұялы байланыс құрылғысын пайдалану тәртібі мен ұзақтығын түсіндіреді. Ол сондай-ақ оқу тапсырмасын өз бетінше орындауға қойылатын талаптарды және оны орындау кезінде ұялы байланыс құрылғысын пайдаланудың жол берілетін тәсілдерін түсіндіріп, ұялы байланыс құрылғысын пайдалануды бастау және тоқтату туралы нұсқау береді.
Бұл ретте оқушы смартфонды тек педагог айқындаған оқу тапсырмасын орындау үшін ғана пайдалануы тиіс. Телефонның фото-, аудио- және бейнежазба функцияларын пайдалану да тек педагогтің нұсқауымен ғана жүзеге асырылады.
Министрдің бұйрығы 9 қазанда күшіне енеді. Бұған дейін педагог мәртебесі мен білім туралы заңдарға енгізілген түзетулер аясында Қазақстан мектептерінде ұялы телефондарды пайдалану мәселесі қарастырылғаны хабарланған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептерінде смартфондарға тыйым салу жоспарлары туралы толық айтып берген еді.


