Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкіметтегі брифингте қазақстандық онкологиялық ауруларға қарсы препаратты әзірлеуге қатысты жаңа мәліметтерді айтты. Оның айтуынша, қазір Астанадағы онкологиялық орталықта клиникалық сынақтардың екінші кезеңі жалғасуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство басшысы атап өткендей, бұл кезеңде мамандар пациенттер ағзасының препараттың әртүрлі мөлшеріне реакциясын зерттеп, оңтайлы дозаны анықтайды. «Біз осы жылдың соңына дейін бәрін аяқтап, препаратты алдын ала тіркеуге ұсынуға тырысамыз. Оның өз процедурасы бар. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Дәрілік заттарды тіркеу ұлттық орталығы қазір бізге барынша көмектесіп жатыр. Олар клиникалық сынақтардың екінші кезеңінің расталған нәтижелерін күтуде. Біз оларды растаған бойда жүктейміз, бәрі қайта тексеріледі де, препаратты тіркеуге ұсына бастаймыз. Бұл — соңғы алдындағы қадам, біз қазір сонда тұрмыз», — деп атап өтті Нұрбек.

Министр одан әрі жоспарлар туралы да айтты: алдымен препаратты Қазақстан аумағында ресми тіркеу жоспарлануда, содан кейін Еуразиялық экономикалық одақта, ал одан кейін препаратты халықаралық нарыққа шығару жұмыстары басталады.

Бұған дейін Саясат Нұрбек қазақстандық қатерлі ісікке қарсы дәріні 2026 жылдың соңына дейін тіркеуге болатынын мәлімдеген еді.