АҚШ-тың Юджин қаласында (Орегон штаты) өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатының (U20) үшінші күні қазақстандық спортшылар кедергілі спринтте жартылай финалға шыға алмады, деп хабарлайды infohub.kz.

Шымкенттік 19 жастағы Богдан Гончаров қазақстандықтар арасында алғаш рет әлем чемпионатында 110 метрге кедергімен жүгіруде 14 секундтан жылдам нәтиже көрсетіп, 13,99 секундқа жетті. Алайда бұл келесі кезеңге өтуге жеткіліксіз болды: ол өз жүгірісінде алтыншы болып мәреге жетіп, қажетті көрсеткіштен 0,33 секундқа қалып қойды.

Қыздарға да 100 метрге кедергімен жүгіруде сәттілік бұйырмады. Қарағандылық 18 жастағы Алина Головина қашықтықты 14,10 секундта аяқтаса, оның 19 жастағы командаласы, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Антонина Чернышова кедергіден өту кезінде құлап, 17,98 секунд нәтижемен мәреге жетті. Екі спортшының да үздік көрсеткіштері — тиісінше 13,93 және 13,78 — екінші айналымға өтуге мүмкіндік бермес еді, өйткені іріктеу нормативі 13,68 болды.

Бұған дейін әлемдік жастар форумында іріктеуден Кирилл Савченко (400 метрге кедергімен), Софья Киденко (400 метр) және Глеб Гладилов (үш қарғып секіру) де өте алмаған болатын.

Чемпионаттың бірінші күнінде сырықпен секіруші Анна Черкашина Қазақстан үшін рекордтық 4,10 метр биіктікті бағындырып, финалға шықты.

ӘЧМ-2026-да Қазақстан құрамасы қатысу нормативін орындаған алты ер және бес әйел спортшымен ұсынылған. Бұл — 2008 жылы Польшаның Быдгощ қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейінгі ең көп құрам (онда 12 спортшы болған). Екі жыл бұрын Перу астанасы Лимада бес спортшымыз болса, 2022 жылы Колумбияның Кали қаласында өткен әлем чемпионатында төртеуіміз болды.

Қазақстан жеңіл атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионаттарында 1994 жылдан бері жеке команда болып өнер көрсетеді. Содан бері спортшыларымыз бірде-бірін жіберіп алмай, 16 ӘЧМ-ге қатысты, алайда әлі күнге дейін тұғырға көтерілген жоқ.