Қазақстандағы цифрлық актив иелері артық аударымдарсыз, арнайы криптокарталар арқылы төлем жасау мүмкіндігіне қол жеткізді. Мұндай өнімді екі банк әзірледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Криптовалюталар — көпшілік қабылдайтындай тек жоғары тәуекелді цифрлық актив қана емес, сонымен қатар қаржылық инфрақұрылымды жетілдіріп, жеделдетудің орасан зор әлеуеті. Сондықтан әртүрлі елдер криптотехнологияларды дәстүрлі ақша есеп айырысу саласымен біріктіруге ұмтылуда.
Қазақстанда бұл мүмкіндік криптовалюта карталары түрінде іске қосылды. Бұл туралы Astana Finance Days 2026 форумы аясындағы «Қаржылық инфрақұрылымның болашағы» панельдік дискуссиясында сөйлеген Mastercard-тың Қазақстандағы бас директоры Санжар Жамалов айтты.
Спикердің айтуынша, Mastercard «Банк ЦентрКредит» және «Еуразиялық банк»-пен серіктестікте криптокарталарды әзірлеген — бұл криптовалютаны тауарлар мен қызметтерге жұмсауға мүмкіндік беретін құрал.
Ол бұл цифрлық активтерді пайдалану тәжірибесін айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті: әдетте қазақстандықтар бірнеше құралмен бірден жұмыс істеу қажеттілігінен қорқады — криптобиржада активтерді сату керек, бұл белгілі бір білім мен дағдыны талап етеді. Мұнда ақшаны дұрыс емес жерге жіберу қорқынышы туындайды, күрделі жүйелерді түсінуге тура келеді. Ал криптокартамен төлеу процесі қарапайым банк картасынан еш айырмашылығы жоқ.
«Айталық, сізде криптобиржада ақша бар, әрі сізге таныс банктің криптокартасы бар. Ештеңе аударудың қажеті жоқ — картаны алып, кез келген сатушыға барып, картамен төлейсіз. Яғни, үздіксіз транзакция жасалады», — деді Санжар Жамалов.
Бұл ретте есеп айырысу криптовалюта арқылы емес, теңгемен жүзеге асады: криптокартамен төлегенде «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында криптобиржа мен екінші деңгейлі банк арасында цифрлық актив ұлттық валютада ағымдағы бағам бойынша конвертацияланады; сатушы төлемді теңгемен лезде алады.
«Бұл — реттелетін стандартты транзакция. Және бұл жүйелер арасындағы интероперабельділікті құру үшін маңызды қадам, осының бәрі үздіксіз, қауіпсіз және барлығына қолайлы болуы үшін», — деп қорытындылады Санжар Жамалов.
Сондай-ақ Mastercard басшысы Crypto Credential жүйесін құру туралы айтты — ол криптоәмияндардың ұзын және күрделі мекенжайларын қарапайым және түсінікті бүркеншік аттармен (алиастармен) немесе пайдаланушы есімдерімен қысқарту арқылы пайдаланушылар арасында криптовалюта аударуды айтарлықтай жеңілдетеді.
Басқаша айтқанда, криптовалюта технологиялары дәстүрлі қаржы жүйесіне белсенді енгізіліп, көптеген процестерді жеңілдетіп, пайдаланушыларға көбірек мүмкіндіктер ұсынуда.


