Қазақстандық криптовалюта қолданушыларының үштен бірі дерлік цифрлық активтермен тауар мен қызмет үшін төлем жасайды. Ал 90%-дан астамы жақын 3–5 жылда криптовалютаның елде кең таралуын күтеді. Бұл деректерді Binance Kazakhstan өзінің 2 000-ға жуық қолданушысы арасында жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша келтіріп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Криптовалюта дәстүрлі түрде спекулятивті актив ретінде қабылданады — оны тек қайта сату мен табыс табу үшін алады деп есептеледі. Алайда сауалнама нәтижелері цифрлық активтерге қызығушылықтың тез өсіп келе жатқанын көрсетеді. Респонденттердің үштен бірге жуығы оны сатып алуға төлем жасау үшін қолданады.

Криптовалютаны қазіргі немесе болашақта қолдану мақсаттары арасында 60,2% инвестицияны, 58,5% қосымша табыс табуды, 48,8% ұзақ мерзімді жинақтауды, 42,6% трейдингті атаған. Практикалық сценарийлер де айтарлықтай орын алады: 32,8% тауар мен қызметке төлемді, 25,1% халықаралық аударымдарды таңдаған.

Қазақстандықтар цифрлық активтерді практикалық қолдануда айтарлықтай өзгерістер күтеді. Мәселен, респонденттердің 64,6%-ы жақын 3–5 жылда ең жылдам криптөлемдер дамиды деп санайды — бұл ұсынылған бағыттар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Екінші орында халықаралық аударымдар — 42,6%, инвестицияны да шамамен сонша қатысушы таңдаған — 42,1%. Тағы 35% криптокарталардың, ал 27,8% стейблкоиндердің белсенді дамуын күтеді.

«Бұл күтулер нарықтың өзін қабылдаудың өзгеруімен ұштасады: респонденттердің 40,3%-ы криптонарық біртіндеп практикалық сипат алып келеді деп есептесе, тағы 25,1%-ы ол қазірдің өзінде қаржы жүйесінің бөлігіне айналды деп санайды», — дейді Binance Kazakhstan өкілдері.

Сауалнамаға қатысушылар Қазақстандағы цифрлық активтердің болашағын оң бағалайды. Биржа деректеріне сәйкес, 91,2% жақын 3–5 жылда елде криптовалюта қолдану кең таралады деп есептейді: 46,4% «иә, сірә» деп жауап берсе, тағы 44,8% айтарлықтай өсім күтеді.

Қатысушылардың жартысына жуығы — 47,9% — бес жылдан кейін криптовалюталар күнделікті қаржының бір бөлігіне айналады деп санайды, ал 20,3% олар негізінен инвестиция үшін қолданылады деп күтеді.

«Сауалнама нәтижелері қолданушылардың цифрлық активтерге қызығушылығы алуан түрлі бола түскенін көрсетеді. Инвестиция маңызды рөлін сақтай отырып, сонымен қатар төлемдер, аударымдар және басқа да қаржы операциялары сияқты практикалық сценарийлерге қызығушылық артып келеді. Әсіресе, қатысушылардың криптөлемдерді жақын жылдарда ең жылдам дамитын бағыт деп жиі атауы ерекше көрсеткіш. Нарықтың одан әрі дамуы үшін қолжетімділік, қауіпсіздік және пайдаланушыларды оқыту бағытында жұмысты жалғастыру маңызды», — деді Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Күшімов.