Экология министрі жаңа бұйрыққа қол қойды, оған сәйкес қазақстандықтар бас тартқысы келетін үй жануарына жаңа ие іздеуге міндеттеледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы «Үй жануарларын ұстау және серуендетудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізетін бұйрығы жарияланды.
Жаңашылдықтар үй жануарынан бас тартатын қазақстандықтар оған жаңа ие табуы керектігін реттейді. «Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда, үй жануарының иесі және (немесе) жауапты тұлға үй жануарын одан әрі орналастыру шараларын қабылдайды, оның ішінде оны жануарларға арналған паналайтын орынға, жануарларды уақытша ұстау пунктіне не оны ұстау үшін қажетті жағдайлар жасай алатын жеке немесе заңды тұлғаларға беру арқылы. Үй жануарын жануарларды уақытша ұстау пунктіне беру кезінде үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға жануардың заңды тағдыры анықталғанға дейін оны ұстауды қамтамасыз етеді», — делінген бұйрықта.
Сондай-ақ бұйрықта жануардан бас тарту иесінің үй жануарына жауапкершілігінің тоқтатылуын білдірмейтіні көрсетілген. «Жануардан бас тарту үй жануарының иесінің немесе жауапты тұлғаның үй жануарына қатысты міндеттерінің тоқтатылуына әкеп соқпайды, оған меншік құқығы басқа тұлғаға өткенге дейін, үй жануары жануарларға арналған паналайтын орынға берілгенге дейін немесе оны жануарларды уақытша ұстау пунктіне беру кезінде жануардың заңды тағдыры анықталғанға дейін», — делінген құжатта.
Бұйрық ол алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


