Қазақстанда әлеуметтік төлемдер жүйесіндегі алдағы өзгерістер кеңінен талқыланып жатыр: 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасының әл-ауқат деңгейіне қарай 14 түрлі жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгертілмек, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атап айтқанда, бала тууға және оны 1,5 жасқа дейін бағып-қағуға берілетін төлемдер де қамтылады. Өзгерістер «А» (әл-ауқаты жоғары) және «В» (әл-ауқаты жеткілікті) санаттарына жатқызылған отбасыларға қатысты болады. Тізімге 14 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлем енді: бала тууға берілетін жәрдемақы, 1,5 жасқа дейінгі баланы бағып-қағуға ай сайынғы төлемдер, мүгедектік бойынша жәрдемақылар, көпбалалы аналарға төленетін қаражат және басқалары.

«Отбасының цифрлық картасы» жүйесі кірістерге (мысалы, отбасы мүшесіне шаққандағы табыс төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен асса), жылжымайтын мүлікке, көлікке, бизнеске, кредиттік тарихқа және жеке қосалқы шаруашылыққа қарай балл есептейді. Балы жоғары отбасылар (ипотекасы, көлігі және тұрақты ресми жалақысы бар орта тап) «қамтамасыз етілген» санатына еніп, мемлекеттік қолдаудан айырылу қаупіне тап болып отыр.

Жаңалық әлеуметтік желілерде талқылау тудырды. Көптеген әйел адам жаңа тәсілмен танысқан соң: «Бала туудың жалпы не мәні бар?» — деген сұрақ қойғанын жазады. Олардың пікірінше, табысы тұрақты жұмыс істейтін отбасы жеткілікті балл жинап, кейбір төлемдерден айырылуы мүмкін.

Көптеген қазақстандық азаматтың айтуынша, демографиялық ахуалдың қиындығы мен бағаның қымбаттығы (әсіресе Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда) жағдайында орта тапты төлемдерден айыру бала тууға деген ынтаны күрт төмендетеді. Желіде ипотека немесе кредиттің болуы енді жүйе тарапынан «байлық белгісі» ретінде бағаланатынын әзіл етіп жазып жатыр.

Әл-ауқатты бағалау жүйесі көптеген сұрақ туғызып отыр. Пікір қалдырушылар әл-ауқатты бағалау кезінде тұрғын үй, көлік, тіркеу, жер телімдері, кірістер және басқа да деректер ескерілетініне жеке тоқталды. Дәл осы балл есептеу жүйесі талқылаудың басты себептерінің біріне айналды.

«Міне, 90-шы жылдардағы тұрмысқа шықпағандар, бізді құттықтаймын. 20-да тумадық, 30-40-та да тумайтын болдық. Жұмыс істеп, салықты адал төлегенімізбен»

«А және В санатындағы отбасылардың балаларын әскерге шақырмау туралы заң қабылдауға болмай ма? Оның бәріне ешқандай жеңілдік жоқ, бірақ Отан алдындағы борышы бар»

«Бұған да жетті. Әйелдер жұмыс істейді, олардың бұған құқығы бар. Оның мәртебесі қандай, бай немесе кедей екені маңызды емес. Қорқыныш, еліміз қайда бара жатыр?»

«Егер алып тастаса, онда барлық әйелге жалақысынан ұсталған төлемдерді қайтарып берсін! Оны біз төледік, мемлекет емес. Қайтарып берсін де, өздерінің алып тастауларымен құри берсін! Әйелдер бала тууды тоқтатуы керек», — деп жазады қолданушылар.

Алайда Еңбек министрлігі реформаны атаулы әлеуметтік көмекке көшумен түсіндіреді. Мемлекеттік қолдауды ең алдымен шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттау көзделіп отыр.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, қазақстандықтардың екінші тоқсандағы орташа табысы 410 мың теңгені құрады, оның 24,2%-ы әлеуметтік төлемдер есебінен қамтамасыз етілді. Абай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы сияқты өңірлерде жәрдемақы мен зейнетақы тұрғындар табысының үштен бір бөлігін құрап отыр.