Алматыдағы Farabi Hub алаңында студенттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионаты — FIDE World University Team Chess Championship-2026-ның бірінші ойын күні аяқталды. Екі турдың қорытындысы бойынша D тобындағы төрттікті қазақстандық командалар — ҚазҰУ және ҚСУ бастап тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Регламентке сәйкес, әлемнің он елінен келген 16 құрама жеребе қорытындысы бойынша төрт топқа бөлініп, бір-бірімен екі матчтан дөңгелек жүйеде өткізеді.
Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) құрамасы турнирде сенімді старт алды. Бірінші турда Оксфорд студенттерін 3:1 есебімен ұтса, екінші турда да сол қарсыласын 3,5:0,5 есебімен жеңіп, өз басымдығын растады. Бұл матчтарда ФИДЕ шебері Ерлан Тлеуханов, сондай-ақ Бекарыс Тұрсынали мен Сұлтан Аманжол жеңіске жетті. Екі командалық ұпай жинаған турнир иелері D тобын бастап тұр.
1,5 ұпаймен екінші орында Спорт университетінің (ҚСУ) командасы тұр. Олар екінші турда индонезиялық студенттермен 2:2 есебімен тең ойнады. Бұл турда астаналықтарға жалғыз жеңісті халықаралық шебер Меруерт Камалиденова әкелді.
Екі турдан кейін екі командалық ұпайдан Ресейдің Орал мемлекеттік тау-кен университетінің (ОМТКУ), сондай-ақ америкалық Сент-Луис, Даллас және грек Афина командаларының активінде бар.
Ертең 3-ші және 4-ші турлардың партиялары өтеді. Дөңгелек жүйедегі матчтар әр төрттіктен екі үздік команданы анықтайды. Одан әрі плей-офф: ширек финал, жартылай финал, үшінші орын үшін матч және финал өтеді.
Ойындар төрт тақтада өтеді. Әр команда құрамында кемінде бір ер және кемінде бір әйел болуы тиіс. Уақыт бақылауы — бірінші жүрістен бастап әр жүріске 45 минут плюс 30 секунд.
Турнирді ФИДЕ Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Қазақстан шахмат федерациясымен және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бас серіктестер — Freedom компаниялар тобы және «Шапағат» корпоративтік қоры.
Жалпы жүлде қоры 50 мың еуроны құрайды. Чемпиондар 25 мың еуро, вице-чемпиондар 15 мың еуро, ал үшінші орын алған команда 10 мың еуроны бөліседі.


