Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Қазыбек Қалмағамбетов Словакияда өтіп жатқан жастар (U20) арасындағы әлем чемпионатында 67 келіге дейінгі салмақта бас жүлдеге таласатын болды, деп хабарлайды infohub.kz.
Бүгін кешке қазақстандық балуан алтын үшін беларусьтік Михаил Марковскиймен күш сынасады. Қалмағамбетов финалға дейінгі жолын неміс Себастьян Вагнерден басым түсумен бастады – 9:0. Содан кейін американдық Эмрин Брайан Наттерді төрешілердің шешімімен жеңді – 1:1. Ширек финалда Қазыбек мысырлық Мохамед Хасан Ахмед Мохамад Абдельрехимнен басым түсті – 4:1. Ал жартылай финалда Венгрия туы астында өнер көрсеткен Петро Житовозды 7:5 есебімен ұтты.
Қалмағамбетовтің командаласы Марлан Бақаев (72 келіге дейін) кешке жұбаныш белдесулері арқылы қола жүлдеге таласады. Біздің грек-рим балуандары Ерасыл Мұсан (55 келі) мен Максим Украинцев (97 келі) медальға іліне алмады.
Кеше Еркебұлан Анапия (77 келі) қола үшін белдесуде ирандық Әмір Махди Мохаммад Саеди Наведен 3:5 есебімен ұтылып қалды.
Словакия астанасында басталған Халықаралық күрес федерациясының (UWW) қамқорлығымен өтіп жатқан әлем біріншілігіне әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ге жуық жас спортшы қатысуда. Олар күрестің үш түрінен – грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медальды сарапқа салады.
Қазақстан Братиславада 30 спортшымен өкілдік етеді – 20 жігіт және 10 қыз.
Турнир 23 тамызда аяқталады.


