- 03 қаз. 2015 00:00
- 284
Келін қолынан шай ішу
Келін түсіргеннен кейін тойға келгендер тарқап, үй иелері оңаша қалған кезде жақындар келін қолынан шай ішуге жиналады.
Келгендерге келін қолынан әзірленген дастарқан жайылып, келін шай құяды.
Бұл дәстүрдің екі мағынасы бар. Біріншіден, келіннің үй шаруасына, дастарқан берекесіне ыңғайын байқау. Жас келін мұндайда кесені сылдырлатпай, баппен шай құя отырып, өзін танытады, шеберлігін, ыңғайын байқатады. Екіншіден, келін қолынан ене шалқып, ата шалқайып отырып қызыл күрең шай ішу - бір үлкен жетістік, қуаныш. "Біздің бала ержетіп, келін түсірді, ата-ене атандық, қолымыз ұзарды", - деп мақтанады, өзгелер алдында бедел, мәртебеге ие болады.
Келін болып түсіп, ата-ене алдында шай құйып отырған жалғыз қызын көріп, бір құдағи:
Шай құйып қызым сызылды-ай,
Көңілім қатты бұзылды-ай,
Құдағи отыр қайқиып,
Құдам отыр шалқиып, -
деп көзіне жас алған екен.
Сөйтіп, келін түсіру тойының аяғы оның қолынан шай ішумен аяқталып, жас адам осы үйдің өз адамының бірі қатарында өмірге араласып кетеді.