Вьетнам астанасы Ханойдағы мейрамханада болған қуатты жарылыстан алты адам қаза тауып, тағы онға жуығы жарақат алды. Полицияның алдын ала дерегінше, жарылысқа газ ағуы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төтенше оқиға 24 қарашада таңертең болды. Жарылыс жергілікті уақытпен шамамен сағат 08:00-де, яғни Астана уақытымен 10:00-де естілді. Жарылыс толқыны мейрамхананың өзін ішінара қиратып, көрші үйлерге зақым келтірді.
Жарияланымдағы мәліметке сәйкес, жарылыс толқыны терезелерді қағып түсіріп, қабырғаларды бүлдіріп, шатырлар мен қалқаларды жұлып әкетті. 15 метр радиустағы онға жуық үй зардап шекті, ал сынықтар жол бойымен 20 метрге дейін ұшты.
Он жарақаттанған адам Ханойдың үш ауруханасына жеткізілді. Олардың бірі сынық тиіп, көз жұмды. Құтқарушылар қоқыс астында адамдар қалуы мүмкін деп қауіптеніп, іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Құлау қаупіне байланысты көрші ғимараттардың тұрғындары эвакуацияланды. Билік залалды бағалап, адамдарды уақытша орналастыруды ұйымдастырып жатыр.
Вьетнам үкіметі апаттың мән-жайын жедел тергеуді тапсырды.


