Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі ашылды. Ол әдебиет пен оқырманды біріктірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Екі күнге созылатын мәдени шараның алғашқы күні Арбат алаңында қала тұрғындары мен қонақтары әдебиет әлеміне еніп, жазушылармен кездесіп, жаңа кітаптармен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Биылғы жәрмеңкеге 60-тан астам баспа қатысып, оқырмандарға әртүрлі жанрдағы жаңа және таңдаулы басылымдарын ұсынды. Келушілер өздеріне ұнайтын кітаптарды таңдап қана қоймай, отандық авторлармен жүздесіп, олармен әңгімелесіп, шығармашылықтарын талқылай алады.
Жәрмеңкенің бірінші күні танымал ақын-жазушылармен әдеби кездесулер өтуде. Кездесуге қатысушылар шығармашылық туралы ойларымен, оқу мәдениетінің маңызы мен қазіргі оқырмандардың талғамы туралы бөлісіп, қонақтардың сұрақтарына жауап беруде.
Кездесу барысында жазушы және драматург Әлішер Рахат алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, «КітапFest» оқырмандар мен жазушыларды, сондай-ақ әдебиет қауымдастығы мен қала тұрғындарын жыл сайын біріктіретін маңызды мәдени алаң екенін атап өтті.
Жәрмеңкеге келген алматылықтар ұсынылған кітаптар мен авторлармен кездесулерге үлкен қызығушылық танытуда.
«Бүгін мен кітап жәрмеңкесіне арнайы келдім. Мұнда әртүрлі жанрдағы кітаптар көп, өзіме ұнаған бірнеше кітапты тауып қойдым. Әсіресе отандық авторлармен кездесіп, олардың шығармалары туралы тікелей өздерінен есту қызықты болды», — деді Алматылық студент Асылжан Бауыржанұлы.
Алматыда оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқырмандар мен әдебиет қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. «КітапFest» кітап жәрмеңкесі осындай мәдени бастамалардың біріне айналды. Мұндай шаралар оқу мәдениетін дамытуға, отандық әдебиетті насихаттауға және қаланың мәдени өмірін байытуға ықпал етеді.
Еске салайық, «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі 19–20 қыркүйекте сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Арбат алаңында өтеді. Алматы тұрғындары мен қонақтарын жәрмеңкеге келіп, оның бағдарламасына қатысуға шақырамыз.


