Қытайдың Юньнань провинциясының әкімшілік орталығы Куньмин қаласындағы химиялық кәсіпорында өрт шығып, 1200-ден астам адам эвакуацияланды. Жанып жатқан кезде атмосфераға тітіркендіргіш булар шыққанын infohub.kz сайты хабарлайды.

Оқиға 4 тамызда Цзиньнин ауданындағы Yunnan Haoming Fine Phosphorus Chemical Company зауытында болды. Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт жергілікті уақыт бойынша сағат 11:50 шамасында сары фосфор тиеу кезінде басталған. Оқиға орнында болған барлық 1257 адам эвакуацияланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы хабарланбады.

Өрт сол күні кешкі сағат 22:00 шамасында толығымен сөндірілді. Ресми хабарламада «апат сары фосфордың тұтануына әкелді, ал жану кезінде пайда болған түтін мен шаң маңайдағы аудандарда ауа сапасының қысқа мерзімді нашарлауын тудырды» делінген. Билік мұндай булар мен түтінді жұту көздің, мұрынның және тыныс алу жолдарының тітіркенуін тудыруы мүмкін екенін ескертті.

Оқиғадан кейін кәсіпорын өндірістік және шаруашылық қызметін тоқтатты. «Компания өндіріс пен шаруашылық қызметін тоқтатты. Билік экологиялық мониторинг пен бағалауды жалғастыруда. Өрттің себептері тергелуде», — деп хабарлады жергілікті билік.