Ақтөбе облысында 16 өңір тұрғыны зардап шеккен ірі интернет-алаяқтық схемасы анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚМА Департаментінің қызметкерлері интернет-алаяқтыққа жәрдемдесу, заңсыз кәсіпкерлік, дропперлік және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
"Тергеу деректері бойынша, Ақтөбе қаласында телефон және интернет-алаяқтығы нәтижесінде азаматтардан ұрланған ақшаны қабылдау, айырбастау және жылыстатудың тұрақты схемасын құрған қылмыстық топ әрекет еткен. Топ құрамына оннан астам адам кірген. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден астам дропперді тартқан", — делінген Қаржы мониторингі агенттігінің ресми Telegram-арнасында.
Топ мүшелері алдын ала дайындалған банк қосымшалары мен криптоәмияндары бар ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және олардың қатысуынсыз қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік берген. Блокчейн-аналитика құралдарының көмегімен ұрланған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілді.
"Алдымен жәбірленушілердің ақшасы транзиттік банк шоттары арқылы өтіп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына түскен. Одан соң олар криптовалюталық платформаға жіберіліп, USDT цифрлық активтерін сатып алуға жұмсалған. Операцияларға заңдылық сипатын беру үшін жалған несие келісімшарттары мен номиналды компаниялар пайдаланылған. Соңғы кезеңде қылмыстық кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына ауыстырылған", — деп ҚМА толық мәлімдеді.
Қазіргі уақытта елдің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Зардап көлемі 120 млн теңгеден асты. Топтың 8 мүшесі қамауға алынды, екі күдіктіге қатысты үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтер, автокөлік және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.


