«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазМұнайГаз-Аэро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі американдық National Airlines әуекомпаниясының ұшақтарына отын құюға кірісті. Келісім аясында 16 қазанда Түркістан халықаралық әуежайында Гонконг — Түркістан — Амстердам бағытымен ұшқан жүк тасымалдайтын Boeing 777 ұшағына алғаш рет «қанатқа» отын құйылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шарт «КМГ-Аэро» жұмыс істейтін бес әуежайды қамтиды: Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Түркістан. Бұл National Airlines-ке бір ғана авиаотын жеткізушісінің қызметін пайдаланып, Қазақстанның түрлі қалаларына қонуға мүмкіндік береді.
Орталық Азия арқылы алысқа ұшатын жүк әуекомпаниялары үшін аралық қонатын әуежайлардағы отынның тұрақты жеткізілуі мен сапасы аса маңызды. «КМГ-Аэро» ірі американдық тасымалдаушымен ынтымақтастықты бастауы — шетелдік әуекомпанияларға қызмет көрсету географиясын кеңейтіп, қазақстандық әуежайлардың халықаралық жүк тасымалы картасындағы орнын нығайту жолындағы қадам.
Түркістан халықаралық әуежайы халықаралық стандарттарға сай заманауи инфрақұрылыммен және елдің оңтүстігінде өсіп келе жатқан жүк көлемін өңдеуге жағдай жасалған. Жаңа халықаралық тасымалдаушыларды тарту өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады.
Шетелдік әуекомпаниялармен ынтымақтастықты дамыту экономиканың көлік-логистикалық секторын нығайту және мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші авиациялық хаб ретіндегі рөлін арттыру шаралары аясында жүргізілуде. «КМГ-Аэро» шетелдік әуекомпаниялармен серіктестікті кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір компания 50-ге жуық шетелдік тасымалдаушыға қызмет көрсетеді.
Анықтама: National Airlines — штаб-пәтері Флорида штатының Орландо қаласында орналасқан американдық әуекомпания. Ол жүк және жолаушылар чартерлік тасымалдарына маманданған. Әуе паркінде Boeing 747 және Boeing 777 жүк ұшақтары бар. Тасымалдаушы коммерциялық, ірі габаритті және арнайы жүктерді тасымалдайды.


