Австралиядағы Мельбурн корольдік технологиялық университетінің (RMIT) инженерлері кофе қалдығын биоқомірге айналдыру әдісін жасап шықты. Бұл биоқомір тапшы құрылыс құмының орнын басып, бетонның беріктігін арттырып, қоқыс полигондарындағы қалдық көлемін азайта алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зерттеу нәтижелері «Journal of Cleaner Production» басылымында жарияланды. Технология күйдірілген кофе қалдығын қосу арқылы құрылыс бетонын шамамен үштен бірге берік етуге мүмкіндік береді. Әдіс екі үлкен экологиялық мәселені бірден шешуге бағытталған: миллиардтаған килограмм органикалық қалдықты кәдеге жарату және құрылыс саласы үшін жаппай өндірілетін өзен құмының табиғи қорының сарқылуын азайту.
Әлемде жыл сайын шамамен 10 миллиард килограмм кофе қалдығы түзіледі, оның басым бөлігі полигондарға тасталып, метан мен көмірқышқыл газын бөледі. Шикі қалдықты цементке қосуға болмайды, өйткені органика қоспаны бұзатын заттар шығарады. Бұл шектеуді айналып өту үшін Раджив Ройчанд бастаған инженерлер тобы төмен энергиялы пиролизді қолданды: қалдықтар оттегісіз ортада 350 градус Цельсийден жоғары температураға дейін қыздырылды. Нәтижесінде құрылыс ерітіндісінің матрицасымен берік байланыса алатын кеуекті көміртекті биоқомір алынды.
Тәжірибелер 500 градусқа дейін қыздырғанда бөлшектердің беріктігін жоғалтатынын көрсетті, ал 350 градус режимі бетон беріктігін 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда авторлар материалдың температура ауытқы, үйкеліс және ылғалдылық жағдайындағы төзімділігін бағалап, ағаш және ауыл шаруашылығы қалдықтарын ұқсас қайта өңдеуді де сынап көріп жатыр.
Технология жол құрылысында практикалық сынақ кезеңіне өтті. Австралияның Виктория штатында кофе биоқомірі қосылған қоспа Гисборн қаласындағы жаяу жүргінші жолдарын және Пакенхемдегі ірі инфрақұрылымдық нысанды төсеуге пайдаланылды. BildGroup жобасының мердігерлерінің бағалауынша, осы бір төсеу ғана шамамен 140 мың шыныаяқ кофе қалдығын полигондардан әкетуге және үш тоннадан астам құнды табиғи құмды үнемдеуге мүмкіндік берді. Әзірлеушілер материалды құрылыс нарығына коммерциялық шығаруға дайындалып жатыр.


