Көкшетауда сот алдында жеке кәсіпкер әйел отырды. Ол адамдарға Англияда жұмыс тауып беремін деп уәде етіп, 70 млн теңгеге жуық ақша алған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ақмола облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Көкшетау қалалық соты ақпараттық жүйе мен интернет желісін пайдаланушыларды алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) бойынша айыпталған әйелге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, 2024 жылдан бастап Көкшетау тұрғыны, жеке кәсіпкер, шетелде жұмысқа орналасу үшін құжаттарды рәсімдеу қызметімен айналысқан.
Әлеуметтік желіде сотталушы өзін блогер ретінде таныстырып, көрсететін қызметтері туралы ақпарат жариялаған. Азаматтарды адастырып, олармен шетелде жұмысқа орналасу туралы шарттар жасасқан, виза, медициналық сақтандыру рәсімдеген, Англияға ұшу уақытын талқылаған және қызметтері үшін ақша алған.
Сонымен қатар жалған құжат рәсімдегені үшін әр адамнан 250 мыңнан 1 млн теңгеге дейін алған. Ақшаны алған соң өзіне алған міндеттемелерін орындамаған, жауапкершіліктен жалтарған (кездесуден қашқан, телефон қоңырауларына жауап беруді тоқтатқан).
Іс бойынша Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан 92 жәбірленуші анықталды. Келтірілген шығын мөлшері 70 млн теңгеге жуық.
Әйелдің кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, құжаттарды қараумен, банк үзінділерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталды. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Сот үкімімен оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, азаматтардың ақшалай қаражатын коммерциялық және өзге де қызметке тартумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға айырылды.
ҚК 74-бабы 1-бөлігінің негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу екі кәмелетке толмаған баласының асырауында болуына байланысты 1 жылға кейінге қалдырылды.
Сотқа мәлімделген 28 жәбірленушінің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, әрқайсысына 200 мың теңгеден 1 млн теңгеден астам сомаға дейінгі материалдық шығын өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда полицейлер шетелде жұмысқа орналасу кезіндегі алаяқтық туралы қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болған. Шығын мөлшері ондаған миллион теңгеге бағаланған.


