Көкшетауда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аса ірі мөлшердегі мефедрон психотроптық затын өткізу дерегін тоқтатып, бұрын сотталған, бірақ жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған 43 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, ер адам қылмыс үстінде ұсталған. Тінту барысында одан тыйым салынған зат салынған 22 орама, сондай-ақ алдын ала деректер бойынша құқыққа қарсы әрекетке пайдаланылуы мүмкін ұялы телефон тәркіленді.
Ол бұған дейін есірткі қылмысы үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны атап өтілді. Ағымдағы жылдың шілдесінде сот оны тыйым салынған заттарды өткізгені үшін кінәлі деп танып, бес жыл төрт айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ер адамның жесір екенін және кәмелетке толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескеріп, сот жазасын өтеу мерзімін үш жылға кейінге қалдырды.
«Алайда сот берген мүмкіндікті фигурант пайдаланбай, жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған кезде қайтадан заңсыз әрекетін жалғастырды. Нәтижесінде ол есірткіні кезекті рет өткізу кезінде ұсталды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді полицияда.
Полицияда қазіргі таңда есірткі қылмысы үшін жазасын ұсталған адамның қызы да өтеп жатқанын қосты.
«Есірткінің заңсыз айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, ал қылмысты қайта жасау заңда көзделген жазадан босатпайды», — деп еске салды құқық қорғау органдары.


