Көкшетауда полиция қызметкерлері 33 жастағы жүргізушіні анықтады. Ол көлікті мас күйінде басқарған. Ер адам өз әрекетін әйелімен ұрысқанымен түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Volkswagen Golf көлігін Темирбеков көшесінде патрульдік қызметкерлер құжаттарын тексеру үшін тоқтатқан. Жүргізушімен сөйлесу барысында полицейлер оның мас екеніне айқын белгілер байқаған.
Ер адамға медициналық куәландырудан өту ұсынылды. Ол полицейлердің күдігін растады.
Алайда оқиға осымен бітпеді. Куәландырудан кейін модульдік постқа бара жатқан жолда жүргізуші полицейлерден қашуға әрекеттенді, бірақ оның әрекеті уақытында тоқтатылды.
Кейін түсініктемесінде ер адам жолға шығар алдында жұбайымен ұрысып, онымен тілдесе алмаған соң көлік жүргізуге бел буды. Ол кінәсін мойындап, жаза тартуға дайын екенін білдірді.
Бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


