Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Мемлекеттік қызметшілердің есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын қолданғанын анықтау рәсімдерін жүргізу және олардың нәтижелерін ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрық жариялады. Құжат нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкісінде орналастырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бекітілген қағидаларға сәйкес, есірткі қолдану белгілерін алғашқы анықтау кадр қызметіне және қызметкердің тікелей басшысына жүктеледі — олар визуалды бақылау жүргізеді.

Құжатта есірткі заттарын қолданудың мінез-құлық белгілері санамаланған: мінез-құлықтың күрт өзгеруі; эмоционалдық фонның тұрақсыздығы (агрессия, ашуланшақтық, эйфория, апатия); кәсіби қызметке қызығушылықтың жоғалуы; еңбек мотивациясының төмендеуі; еңбек тәртібінің бұзылуы; жиі жұмыстан қалу және кешігу; жұмыс орнынан кету; араласатын адамдар шеңберінің күрт өзгеруі; әріптестермен және басшылықпен байланыстан жалтару; жасырындылықтың артуы; ескертулер мен бақылауға асқан сезімталдық; медициналық тексеруден және талдау тапсырудан жалтару.

Визуалды бақылау барысында сыртқы және физиологиялық белгілерге де назар аударылады: сыртқы түрдің айқын нашарлауы, жеке гигиена деңгейінің төмендеуі, қарашықтардың кеңеюі немесе тарылуы.

Сонымен қатар психикалық және когнитивтік белгілер тіркеледі: жады мен зейіннің бұзылуы, зейін қоюдың төмендеуі, логикалық тізбектерді құрудың қиындауы, сөйлеудің байланыссыздығы.

«Алғашқы бақылау мемлекеттік қызметшінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға жол бермейтін жағдайда, құпиялылық, объективтілік, бейтараптық және кемсітуге жол бермеу қағидаттарын сақтай отырып жүргізіледі», — делінген қағидаларда.

Мемлекеттік қызметшіде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын қолданудың үш және одан да көп белгісі анықталса, кадр қызметі ұсынымдық ресімдейді. Оның негізінде басшы бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызметшіні медициналық куәландыруға жіберу туралы шешім қабылдауы тиіс. Куәландырудан жіберілген сәттен бастап 48 сағат ішінде өту қажет.

Егер қолдану фактісі расталса, басшы бұл туралы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға және құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Одан кейін мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау бойынша шаралар қолданылады.

Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң — яғни 29 қарашада күшіне енеді.

Естеріңізге сала кетейік, сәуірде «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң аясында қазақстандық шенеуніктерді есірткі қолданғанына тексеретін болады деп мәлім болған еді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде тексеру басшылық лауазымды атқаратын адамдарға, яғни басқа қызметшілерді бағынышты етіп ұстайтындарға, сондай-ақ факультативтік негіздерге — лауазымдық міндеттерінің сипаты мен мазмұнына қарай мемлекеттік орган басшысы айқындайтындарға қолданылатынын түсіндірген болатын.