Кали қаласында құтқарушылар жойқын жер сілкінісінен кейін екі айлық сәби мен оның әкесін үйінді астынан алып шықты, деп хабарлайды infohub.kz.
Колумбиядағы құтқару жұмыстары жалғасуда. Сәби мен оның әкесін қираған үйінді астынан тауып, шығарып үлгерді, алайда сәбидің анасы мен ағасының тағдыры әзірге белгісіз, деп хабарлайды РИА Новости Noticias Caracol басылымына сілтеме жасап.
«Кали тұрғындары үйінді астынан сәбиді... және оның әкесін шығарып жатыр», — делінген басылымда. Телеарнаның мәліметінше, екі айлық сәби мен оның әкесі медициналық мекемеге жеткізілген. Екеуінің де жағдайы қазір тұрақты.
«Баланың анасы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, оның ағасы да солай», — деп қосады телеарна.
Бұған дейін Колумбияда жойқын жер сілкінісінен кейін төтенше жағдай режимі жарияланғаны хабарланған болатын. Еске салайық, 10 тамызда Колумбияда магнитудасы 7,4 болатын күшті жер сілкінісі болды. Сол күні кешке 30 адам қаза тапқаны хабарланды.
11 тамыздағы таңғы мәлімет бойынша, кем дегенде 132 адам құрбан болды, тағы 570 адам жарақат алды. Ел үкіметі ұлттық деңгейде төтенше жағдай жариялап, зардап шеккен ауданға әскери қызметшілерді жіберді.
Сондай-ақ кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісі салдарынан көптеген адам қаза табуына байланысты Колумбия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Бүгін, 12 тамызда, қаза тапқандар саны 200-ден асқаны белгілі болды.


