Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде 2026 жылғы 3 тамызда төтенше оқиға болды: мерзімді қызметтегі әскери қызметкер төртінші қабаттың терезесінен құлап, жарақат алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерінде хабарлағандай, зардап шеккен солдат жедел түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті мамандандырылған көмек көрсетілуде. Әскери қызметкердің жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Ведомство оқиғаға дейін әскери қызметкер қызмет жағдайына шағымданбағанын атап өтті. Қарсаңында ол бөлімге келген ата-анасымен кездескен, бірақ олардан да ешқандай өтініш немесе арыз түскен жоқ.
Осы факті бойынша ҚР Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізілуде. Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындап, арнайы комиссия құрылды. Жағдай ерекше бақылауға алынды.
«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігі де болған оқиғаға үн қатты. Ұйымда Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде мерзімді әскер қызметкері төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алғанын растады.
Комитет өкілі дереу оқиға орнына барып, зардап шеккен солдатты ауруханада көріп, оның әкесі мен әжесімен, бөлім басшылығымен және нарядта бірге болған әріптестерімен сөйлесті. Комитетте қазіргі басты мәселе — солдаттың өмірі мен денсаулығы екенін атап өтіп, оған тезірек сауығып кетуін тіледі.
Ұйым тергеу аяқталғанға дейін өсек пен тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырып, әрбір мән-жайдың құзыретті органдар тарапынан мұқият анықталуы тиіс екенін айтты. Комитет жағдайды бақылауда ұстауды жалғастырады.


