Атырау облысында бір отбасының екі мүшесі Конго-Қырым геморрагиялық безгегіне күдікпен ауруханада ем алуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазинформ» МИА мәліметінше, Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына осы дертке күдікпен бір отбасының екі мүшесі жатқызылған. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, науқастардың бірі — Исатай ауданының тұрғыны — 12 тамызда тән белгілерімен медициналық мекемеге жеткізілген. «Конго-Қырым геморрагиялық безгегі» диагнозы полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен расталған. Оның жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде, оң динамика байқалады. Емдеу республикалық мамандардың бақылауымен жүргізілуде.
Екінші науқас та медициналық бақылауда. Оның жағдайы тұрақты, оң динамикамен. КҚГБ-ға ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен.
Барлық байланыста болған адамдар есепке алынып, медициналық бақылауда. Қазіргі уақытта оларда ауру белгілері тіркелмеген. Мамандар ауыл шаруашылығы және үй жануарларынан сынамалар алып, ауру анықталған аумақта кенелерді зерттеген. Зертханалық зерттеу нәтижелері теріс болып шықты.


