VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының үшінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы 12 алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ұлттық аударыспақ ойынында (эр эңиш) салт аттылар бірін-бірі аттан түсіруге тырысады. 100 келіге дейінгі салмақта Сырым Избасаров жеңіске жетіп, көшпенділер ойынының үш дүркін чемпионы атанды. Тағы бір қазақстандық Дарын Өткелбай 90 келіге дейінгі салмақта алтын алды. Нұржан Еркінұлы 100 келіден жоғары салмақта қола жүлдегер атанды.
Құсбегілік жарысында Қазақстан құрамасы төрт медаль жеңіп алды. Серікболсын Жалғасұлы қырғимен сайыста үздік атанды. Арман Кошкаров бүркітпен өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Бақдәулет Бабажан сұңқармен сайыста күміс, ал бұл сында тағы бір қазақстандық Ерлан Кенжетаев қола медаль алды.
Самбодан Болат Сапар 98 келіден жоғары салмақта жеңіске жетті. Еркебұлан Нығметов (79 келіге дейін) пен Жандос Бейсенбаев (64 келіге дейін) қола медаль иеленді.
Қырғыз күресінен қазақстандық Алмас Жұмағали финалда жеңіліп, 100 келіден жоғары салмақта күміс жүлдегер атанды.
Қол күресінен ұлттық құрама бір күнде жеті алтын медаль жеңіп алды. Чемпион атанғандар: Нұрдәулет Айдархан (90 келіге дейін, сол және оң қол), Медет Құттымыратов (90 келіден жоғары, сол және оң қол), Малена Сыдықжан (65 келіден жоғары, сол және оң қол) және Данил Устинов (80 келіге дейін, сол қол). Сондай-ақ бұл сында команданың қоржынында тағы бес медаль бар: Ұлжан Оралбай екі күміс (65 келіге дейін, сол және оң қол), Устинов бір күміс (оң қол), Бақыт Ақжігітов бір күміс және бір қола (70 келіге дейін, сол және оң қол).
Тағы бір алтынды Қазақстан құрамасы арқан тартудан жеңіп алды: бейсенбіде олар 4х4 форматында үздік атанса, алдыңғы күні 8х8 турнирінде жеңіске жеткен еді.
Көшпенділер ойыны Қырғызстанда 6 қыркүйекке дейін жалғасады.


