VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бірінші күнінде Қазақстан құрамасы ордо, тогуз коргоол, кураш, гореш және монгол бохе сынды бес түрлі бағытта сынға түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарыстар Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуде. Қазақстаннан 152 спортшы қатысып, олар 42 спорт түрінен бақ сынайды.

Бірінші күні қазақстандықтар ордо (асық ату), тогуз коргоол (тоғызқұмалақ), кураш, гореш және монгол бохеден өнер көрсетті. Үш күрес түрінен жарыстар аяқталды.

Монгол бохеде сынға түскен Ерасыл Амангелді мен гореште бақ сынаған Мадияр Абдрахманов қарсыластарынан ұтылды.

Тогуз коргоол жарыстары 6 қыркүйекке дейін жалғасады, ал ордо бойынша финалдық ойындар 2 қыркүйекке жоспарланған.

Ойындардың екінші күнінде қазақстандық спортшылар көкпар, көкбөрі, эр эңиш (аударыспақ), алыш, овари, мангала, тогуз коргоол, ат жарысы, ордо, құс салу, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, масс-рестлинг, арқан тарту, сумо, стронгмен және жілік сындырудан сынға түседі.

Ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, ұлттық құрама капитаны Тұрғанбек Құрманбек көтерді.

Бұған дейін «Курсив» VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Бішкек-Арена» стадионында өткен ашылу салтанаты әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырғанын жазған болатын. Шоуды дайындауға қазақстандық Wakeuphana командасы режиссер-қоюшы Андрей Хванның жетекшілігімен, сондай-ақ техникалық және визуалды бөлігіне жауапты Upstage және Filmotion компаниялары қатысты.

Қойылымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден шамамен 2 мың биші тартылды. Көрермендердің ерекше назарын қар барысы мен құс бейнелері қамтылған ауқымды сахналық элементтер аударды.