Қостанай облысының экономикалық соты облыс орталығының әкімінің Қостанай – Рудный бағытында қызмет көрсететін кәсіпкерге қатысты талап арызын қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қостанай қаласының әкімінің жеке кәсіпкер Б.-ға қатысты жолаушылар мен жүкті тұрақты автомобиль тасымалын ұйымдастыру шартын бұзу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Сот отырысы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеді. Келісім шарттары бойынша жеке кәсіпкер Б. №120 Қостанай – Рудный қатынасындағы тұрақты қала маңы бағытына 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қызмет көрсетуді жалғастырады, делінген сот хабарламасында.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап шарт тараптардың өзара келісімі бойынша тоқтатылады. Жауапкер шарттың тоқтатылуын сот тәртібімен дауламауға, сондай-ақ шарт мерзімі аяқталғаннан кейін талапкерге мүліктік және қаржылық талаптар қоймауға міндеттенді. Талапкер шартты бұзу туралы талабынан бас тартты, деп нақтылады сотта.
Сот келісімді бекітті, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. №120 Қостанай – Рудный бағыты 2026 жылдың соңына дейін жұмысын жалғастырады. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.


