Қостанайда тапсырыспен адамды ұрып-соғу ісі бойынша үкім шықты. Белгілі болғандай, орындаушы жәбірленушіге дене жарақатын салғаны үшін 100 доллар көлемінде сыйақы алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай қаласының №2 сотында азамат Ч.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық азап келтірді деп айыпталды. Қылмыстың ерекше қатыгездікпен, келекелеумен жасалғаны және жәбірленушіге азап шектіруді мақсат еткені атап өтілді.
Іс материалдары бойынша, Ч. үшінші тұлғаларға физикалық әсер ету бойынша «тапсырыстарды» орындау арқылы заңсыз табыс табу мақсатында Telegram мессенджерінде әдейі тіркелген. 2026 жылдың наурыз айының соңында сотталушы белгісіз адамнан — Т. аккаунтының иесінен тапсырма алған. Тапсырма Қ. азаматының орналасқан жерін анықтап, оған 100–200 доллар сыйақы үшін физикалық зорлық көрсету болатын.
Жәбірленушінің орналасқан жерін анықтаған Ч., белгісіз адамдармен бірлесіп, Қ.-ның басы мен денесіне қолымен және аяғымен бірнеше рет соққы жасаған. Осыдан кейін белгісіз тапсырыс беруші Ч.-ға уәде етілген 100 долларды төлеген.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотта Ч. кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді. Жәбірленуші өз кезегінде ешқандай талабы жоқ екенін айтып, сотталушыны қатаң жазаламауды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің санкциясы 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жазаны көздейді. Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындау мен шын жүректен өкінуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын ала келісім бойынша адамдар тобымен жасалғаны танылды.
Жеке басын, жасалған әрекеттердің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сот Ч.-ға орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеумен 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


