Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті (БТЭК) Петропавлдың «Қызылжары» мен Өскеменнің «Алтайы» арасындағы матч бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz.

21-тур аясындағы кездесу 8 тамызда Өскеменде өтіп, 2:2 есебімен тең аяқталды.

Бұл матчта «Қызылжар» сапында украиналық жартылай қорғаушы Александр Нойок ойнады. Алайда ол 21-турдың басқа матчында — «Ақтөбеге» қарсы «Атырау» құрамында да алаңға шыққан. Бұл кездесу кейінге шегеріліп, 17 мамырда өткен болатын.

БТЭК мұны регламентті бұзу деп бағалады. Нәтижесінде «Қызылжарға» 0:3 есебімен техникалық жеңіліс берілді.

Петропавл клубы мұндай шешіммен келіспейтінін білдірді. Онда «әрқашан Fair Play қағидаттарын, адал спорттық күресті және жарыс регламентіне құрметті ұстанатындарын» мәлімдеді.

«Біз клубымыз тарапынан ешқандай заңсыз немесе құқыққа қайшы әрекеттер жасалмағанына сенімдіміз, ал барлық процедуралық қадамдар тек адал және ашық түрде орындалды», — делінген «Қызылжар» мәлімдемесінде.

Петропавл клубы жақын арада «тиісті құқықтық шараларды» қолдануға ниетті.