«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ) қор нарығына шығу аясында 5 миллиард долларға дейін тартуды көздеп отыр. Бұл ретте компанияның жалпы құны 30 миллиард долларға дейін бағалануы мүмкін. Бұл туралы Гонконгтың etnet қаржылық басылымы хабарлады, оған Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) назар аударды, деп жазады infohub.kz сайты.

Компания өз акцияларының 20%-ға дейінгі бөлігін орналастыруы мүмкін. ҚТЖ бағалы қағаздарының листингі қазан айында басталуы ықтимал, алайда алғашқы жария орналастыруды (IPO) 2027 жылға шегеру нұсқасы да жоққа шығарылмайды. Басылым сатылатын пакеттің мөлшерін нақтыламаған, дегенмен бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары 20% акция үлесі туралы жазған болатын.

Еске салайық, ҚТЖ бағалы қағаздарын AIX (Қазақстан), LSE (Лондон) және Гонконг қор биржасында орналастыруды жоспарлап отыр. Инвесторлардан тартылған қаражатты ұлттық компания қарызды өтеуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға жұмсайды.

Алайда компанияның жоспарланған бағасы кәсіби қауымдастықта елеулі күмән тудырып отыр. QAMS сілтеме жасаған Bloomberg агенттігінің дерегінше, ҚТЖ-ның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының – және тәуелсіз инвестициялық банктердің бағалауы айтарлықтай өзгеше.

Сонымен қатар ҚТЖ қарыздарға батқан. Бұған дейін QAMS компанияның кредиттік келісімде белгіленген қарыз жүктемесі деңгейінен (Gearing Ratio) асып кеткеніне назар аударған.

Қауымдастықтың пікірінше, басты ашық сұрақ – қарызы жоғары және бизнесі қайта бағалануы мүмкін компанияның IPO-сына әлеуетті инвесторлардың қалай қарайтыны. Әсіресе Air Astana тәжірибесі аясында (әуе тасымалдаушысының 41,18% акциясы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі), оның акциялары IPO бағасына шамамен 40% жеңілдікпен саудаланып отыр.

Бұған дейін «Курсив» ҚТЖ 2025 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасын екі еседен астам ұлғайтып, 343,6 млрд теңгеге жеткізгенін жазған болатын, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 160,8 млрд теңге еді.