Интернетте Ерлан Қойшыбаевтың жақын арада ҚТЖ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды infohub.kz.
Threads әлеуметтік желісіндегі Logi_kaz басылымының аккаунтында ҚТЖ-да тағы да кадрлық өзгерістер күтілетіні туралы жазба жарияланды. Басылымның меншікті дереккөзіне сүйенсек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымына қазіргі уақытта логистика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Ерлан Қойшыбаев тағайындалады деп күтілуде. Дереккөздің айтуынша, бұл кадрлық шешім ұлттық тасымалдаушының негізгі жұмыс бағыттарын басқаруды күшейтуге мүмкіндік беретін логикалық қадам ретінде қарастырылуда. Қойшыбаевтың логистикадағы тәжірибесі ҚТЖ-ға мемлекет басшысы қойған 2026 жылғы басты міндет — теміржол транзитінің көлемін 55 млн тоннаға дейін арттыруды орындауға көмектеседі деп айтылуда.
Алайда бұл ақпаратты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі бірден жоққа шығарды. «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. ҚР заңнамасына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы еске саламыз», — деп ескертті компания.


