Премьер-министр Олжас Бектенов стратегиялық нысандардың құрылысын созып жатқан энергетика саласының басшыларын, сондай-ақ транзиттік тасымалдар жоспарын орындамаған «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниясын қатаң сынға алды. Премьер-министр Алматыдағы жылу электр орталықтары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы мерзімінде іске қосылмаса, жауапкершілік жеке қаралатынын ескертті, деп хабарлайды infohub.kz.
Үкімет отырысында министрлердің есептерін тыңдаған Бектенов бірқатар саладағы көрсеткіштердің қанағаттанарлықсыз екенін атап өтті. Металлургияда өндіріс көлемі 2,7%-ға, түсті металлургияда 6%-ға төмендеген. Оған негізгі себеп — алтын өндірудің азаюы.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бір ай ішінде саланы қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ «Тау-Кен Самурық» компаниясымен бірлесіп, отандық кәсіпорындардың толық жүктелуін қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде Қазақстанда импорттық алтынды аффинаждау мүмкіндігін пайдалану көзделген.
Үкімет басшысы энергетикадағы ахуалға ерекше назар аударды. Энергетика министрлігіне жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай мен газ өндіру жоспарларын орындау бойынша келіссөздер жүргізу, көмірді терең өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды тартуды жеделдету және жаңа энергия нысандарын уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.
«Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қоры басшылары Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын уақтылы іске қосуға жеке жауапты екенін ескертемін», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр өткен аптада жүргізілген тексеру Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысының баяу жүріп жатқанын көрсеткенін айтты. «ЖЭО-3 бойынша жұмыс белсенді емес. Жыл соңына дейін тиісті шаралар қабылданбаса, жеке жауапкершілік мәселесі қаралады. Бұл мәселені қатаң бақылауда ұстаңыздар», — деп атап өтті ол.
Көлік саласы да сыннан тыс қалмады. Бектенов ҚТЖ жұмысын жеткілікті тиімді емес деп бағалады. Компанияға транзиттік теміржол тасымалдарын дамыту жоспарын орындау, негізгі теміржол желілерінің құрылысын аяқтау және вокзалдарды жаңғыртуды жыл соңына дейін аяқтау тапсырылды.
Үкімет басшысы өңірлер арасындағы сауда көлемінде айтарлықтай теңгерімсіздік бар екенін атап өтті: тауар айналымының 70%-ы небәрі бес өңірге тиесілі. Осыған байланысты әкімдерге бір ай ішінде сауданы дамытудың жол карталарын дайындау тапсырылды. Оларда басым инвестициялық жобалар, шекара маңы аймақтары, туристік өңірлер және арнайы экономикалық аймақтардың әлеуеті ерекше ескерілуі керек.
Еске сала кетейік, Олжас Бектенов маусым айында ҚТЖ басшылығына транзиттік тасымалдар жоспарын орындамағаны үшін жеке жауапкершілік болатынын ескерткен еді. Өткен аптада компанияның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен кетіп, ҚТЖ басшысының міндетін уақытша атқару Бауыржан Орынбасаровқа жүктелді.


