Қазақстандықтарға теміржол сапарында алып жүруге болатын ірі көлемді жүкті тасымалдау тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚТЖ баспасөз қызметінің нақтылауынша, кәдімгі вагондарда жолаушы салмағы 35 кг-ға дейін және өлшемі 100 × 50 × 50 см-ден аспайтын қол жүгін тегін алып жүруге құқылы.
Talgo және оған ұқсас вагондарда салмағы 25 кг-ға дейін, өлшемі 70 × 40 × 40 см-ден аспайтын қол жүгін тегін алып жүруге рұқсат етіледі.
«Электр қозғалтқышы жоқ велосипедті, балалар арбасын және байдарканы бөлшектеп, қаптап, қол жүгіне арналған орынға сыйса, тасымалдауға болады. Бұл ереже Talgo вагондарына қолданылмайды», — деді ҚТЖ-да.
Ал өлшемі белгіленген қол жүгі нормасынан асатын заттар ірі көлемді жүкке жатады. Оларды алдын ала багаж ретінде рәсімдеу қажет. Тасымалдау багаж бөлімшесінде немесе әмбебап багаж вагонында жүзеге асады — пойыз түрі мен оның техникалық мүмкіндіктеріне қарай. Жолаушы вагондарында шаңғы тасымалдауға жол берілмейді.
«Багаж өтпе жолдарды, есіктерді және жолаушы орындарын бітемеуі, басқа жолаушыларға кедергі жасамауы тиіс», — деп еске салды ҚТЖ-да.
Сонымен қатар жолаушылардан артық қол жүгі анықталса, «Тальго» жолаушы пойыздарында қосымша ақы төлеп, оны багаж вагонына тапсыруға мүмкіндік бар: №67/68 Нұрлы жол — Өскемен; №9/10 Нұрлы жол — Алматы-2; №81/82 Нұрлы жол — Орал; №65/66 Нұрлы жол — Қызылорда.
Сапарға шығар алдында қазақстандықтарға нақты бір жүк түрін тасымалдау шарттарын алдын ала нақтылау ұсынылады. Қосымша ақпаратты тәулік бойы тегін 1433 нөмірі арқылы алуға болады.


