Алматы облысының Талғар ауданында таудан өздігінен түсе алмаған туристке құтқарушылардың шұғыл көмегі қажет болды. Оқиға теңіз деңгейінен шамамен 3 400 метр биіктікте болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ТЖМ мәліметінше, туристің денсаулығы күрт нашарлап, қиын өткелді таулы аймақта түсуді жалғастыра алмаған. Оған көмекке «Барыс» өңірлік құтқару қызметінің құтқарушылары ведомствоның тікұшағымен дереу аттанды. Олар зардап шегуші орналасқан №19 мореналық көл ауданына бағыт алды.
Құтқарушылар туристі сәтті эвакуациялады. «Қазавиақұтқару» тікұшағы Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық аурухананың жанындағы тікұшақ алаңына қонды. Зардап шегуші одан әрі медициналық мекемеге жеткізу және қажетті көмек көрсету үшін Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылды.
Құтқарушылар еске салады: тауға шығар алдында өзіңіздің физикалық дайындығыңызды, денсаулық жағдайыңызды және ауа райы болжамын байсалды бағалау қажет. Денсаулығыңыз нашарласа, ахуал сын кезеңге жеткенше күтпей, дереу көмекке жүгініңіз.


