Қырғызстан Энергетика министрлігі KEGOC-тың Қазақстандағы блэкаут себептері туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Бұған дейін, 14 тамызда, KEGOC компаниясы Қырғызстандағы Тоқтағұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың ажыратылуы Қазақстан БЭЖ-нің Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің шамадан тыс жүктелуіне және Оңтүстік аймақтың Қазақстан БЭЖ-нен және Орталық Азия БЭБ (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) энергожүйелерінен бөлінуіне әкелгенін хабарлаған болатын.

Бұған жауап ретінде Қырғызстан Энергетика министрлігі елдің энергетиктері жұмыс режимін тұрақтандыру үшін жедел шаралар қабылдап, Орталық Азия БЭБ энергожүйесіндегі жиілікті қысқа мерзімде қалыпты 50 Гц мәніне қалпына келтіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қырғызстанның энергожүйесі көрші мемлекеттерге шамамен 250 МВт қуат беріп, көмек көрсеткен. Алматы энерготүйінінің сөнуі Орталық Азия БЭБ-дегі жиілік номиналды мәндерде болған кезде орын алған.

Ведомство технологиялық бұзылыстың мән-жайын анықтау барысында Тоқтағұл ГЭС-індегі екі гидрогенератордың қысқа мерзімді ажыратылуы тіркелгенін, бұл параллель жұмыс істеп тұрған Орталық Азия біріккен энергожүйесінде бастапқы қозу болып, қуат ағындарының өзгеруіне және аварияға қарсы автоматтық жүйелердің іске қосылуына әкелгенін атап өтті.

Министрлік бұл бастапқы қозуды басқа елдердегі жекелеген энергожүйелер мен энерготүйіндердің сөнуінің тікелей себебімен теңестіруге болмайтынын ерекше атап өтті. Мұндай жағдайларда энергожүйелер тепе-теңдік қалпына келгенше, оның ішінде төмендетілген жиілікпен, оқшауланған режимде тұрақты жұмысты қамтамасыз етеді. Сондықтан басқа Орталық Азия елдеріндегі энерготүйіндердің сөнуі тиісті энергожүйелерде болған кейінгі процестерді жеке талдауды талап етеді. Бірлескен техникалық тергеу аяқталғанға дейін аварияның барлық кейінгі салдары үшін Қырғыз энергожүйесіне жауапкершілік жүктеу дұрыс емес. Технологиялық бұзылыстың себептерін арнайы комиссия тергейтін болады.

Еске салайық, 14 тамызда Алматыда, Алматы облысында және Қазақстанның басқа аймақтарында ауқымды блэкаут болды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, себеп — Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруінен туындаған энергожүйедегі қуаттың артуы. Мегаполисте бағдаршамдар жұмысын тоқтатып, кептелістер байқалып, адамдар қозғалысты реттеу үшін өздері жолға шықты.

Айта кетейік, Алматыдағы ауқымды электр қуатының өшуі Канье Уэсттің концертіне дейін қиындық туғызды. Шоу басталар алдында көрермендерге концерттің 15 тамызға ауыстырылғаны хабарланды.