Отандық фармацевтика нарығына жаңа шетелдік инвестиция тартылады: оңтүстіккореялық Kyungdong Pharmaceutical инвесторы Қазақстанда өз дәрілерін шығаруды жолға қоймақ. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында Денсаулық сақтау министрлігі Kyungdong Pharmaceutical компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат озық медициналық технологияларды трансферттеуді, келісімшарттық өндірісті және Қазақстан аумағында дәрі шығаратын бірлескен кәсіпорынды кезең-кезеңімен іске қосуды көздейді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Kyungdong Pharmaceutical бас директоры Ким Кён Хунмен жеке келіссөз жүргізді.

Тараптар Қазақстанда дәрі өндірісін жергіліктендіру, технология трансферті, келісімшарттық өндіріс және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Kyungdong Pharmaceutical — 1975 жылы құрылған оңтүстіккореялық фармацевтикалық компания. Ол рецептілік және рецептісіз дәрілер мен белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді қоса алғанда, кең ауқымды дәрілік препараттарды әзірлеумен, өндірумен және сатумен айналысады.

Денсаулық сақтау министрлігінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармнарығының көлемі $2,5 млрд болғанын, фармацевтикалық өнім өндірісіне салынған инвестиция $142,8 млн-ға жеткенін, экспорт $84 млн болғанын еске салды.

Бұған дейін «Курсив» республикада толық циклді жаңа биофармацевтикалық зауыт пайда болатынын жазған. Ол Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында салынады.