Астанада Спорт күніне орай «Қазақстандағы спорт: реформалардан нәтижеге» атты конференция өтті. Салалық министрлік өкілдері, спортшылар, ғалымдар мен спорт дәрігерлері саладағы негізгі өзгерістерді, бюджеттің балалар спортына қайта бөлінуін және елдің ірі халықаралық жарыстарды өткізуге дайындығын талқылады, деп хабарлайды infohub.kz.

Диалог алаңының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы — қазіргі және бұрынғы спортшыларды біріктіретін тәуелсіз ұйым «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігі. Конференция бағдарламасын туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ашты.

Жүргізіліп жатқан реформаның тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі — кәсіби клубтарға мемлекеттік шығындарды оңтайландыру. Сарапшылардың дерегінше, бұрын жыл сайын бюджеттен шетелдік спортшыларға (легионерлерге) жалақы төлеуге бөлінетін 3,5 млрд теңге 2026 жылы толығымен қайта бағытталған. Енді бұл қаражат толық көлемде бұқаралық, балалар-жасөспірімдер спорты мен инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.

Алдағы жылдары Қазақстан бірнеше ірі әлемдік жарыстар мен халықаралық форумдардың алаңына айналады. «2026 жылдың қазан айында Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты, сол жылдың қарашасында Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) атқару комитетінің отырысы өтеді. 2027 жылы Қазақстан бокстан, дзюдодан, таеквондодан, үстел теннисінен, киберспорттан әлем чемпионаттарын және шорт-тректен жасөспірімдер чемпионатын қабылдайды, сондай-ақ елімізде УЕФА-ның 51-ші конгресі өтеді», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Конференция жұмысы үш негізгі бағыт бойынша өтті: мемлекеттік басқару мен реформалардың тиімділігі, цифрландыруды, спорттық медицина мен ғылымды енгізу, сондай-ақ бұқаралық спорттағы ұрпақ сабақтастығы. «Спортшылар кеңесі» ҚБ-ның қатысуымен бірыңғай алаң құру шешім қабылдаушы шенеуніктер мен жүргізіліп жатқан өзгерістердің нәтижесін тікелей сезінетін спорт қауымдастығы арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік берді.