Ливия Украинаны өз егемендігін бұзды деп айыптап, Бенгази портына жасалған шабуылдардан кейін БҰҰ-ның Халықаралық сотына талап қоюға дайындалып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Deutsche Welle-дің мәліметінше, 22 қарашада Ливияның Бенгази портына жасалған шабуыл салдарынан ресейлік «Меркурий» корветі суға батқан. Шығыс Ливия билігінің дерегінше, корвет Ресейге бара жатып, жанармай құйып, қор толықтыру үшін портқа кірген. Келесі күні Украина президенті Владимир Зеленский соққыларды украин күштері жасағанын растады. Оның айтуынша, корветпен бірге бортындағы Ка-27 тікұшағы да суға кеткен. Екінші нысана ресейлік «Ангара» құрғақ жүк кемесі болды. Украина Қауіпсіздік қызметінің дерегінше, Ресей онымен қару тасымалдаған, ал «Меркурий» осындай рейстерді сүйемелдеп отырған.
РИА Новостидің жазуынша, Ливия Президенттік кеңесінің мүшесі Муса әл-Куни портқа жасалған соққылар үшін жауапкершілікті Киевке жүктеп, оларды жол берілмейтін әрекет деп атады. Ал Ливияның Сыртқы істер министрлігі Украинадан ресми түсініктеме талап етті.
Сонымен қатар болған оқиғаға байланысты Ливия Украинаға қарсы БҰҰ-ның Халықаралық сотына талап қоюға дайындалып жатыр. Бұл туралы араб елінің Нидерландыдағы елшілігі хабарлады.
«Ливияның Гаагадағы миссиясы Ливия Президенттік кеңесінің нұсқауына сәйкес Киевтің Ливия мемлекетінің егемендігін және оның аумағының қауіпсіздігін бұзуына байланысты Украина мемлекетіне қарсы БҰҰ-ның Халықаралық сотына қылмыстық талап қоюға дайындық аясында толыққанды заңдық қорытынды жасауға кірісті», — деп келтіреді басылым дипломатиялық өкілдіктің хабарламасын.
Елшілік сондай-ақ соққылар салдарынан портқа елеулі материалдық залал келтірілгенін, Ливия билігі халықаралық құқыққа сәйкес оны толық өтеуді талап ететінін мәлімдеді.


