Kaspi.kz қандай өнімдерді дамытып, қандай шешімдерден бас тартатынын клиенттердің қажеттіліктері айқындайды. Бұл туралы Kazakhstan Growth Forum панельдік пікірталасында Kaspi.kz басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ол мысал ретінде бөлімшелер желісінің тарихын келтірді. 2008 жылы жаңа бренд іске қосылған соң компания үш күн сайын бір бөлімше ашып отырған. Кейін клиенттер Kaspi.kz онлайн-сервистерін көбірек пайдалана бастағанда, бөлімшелерге деген қажеттілік азайды. Компания бөлімшелерді дәл сондай жиілікпен қысқарта бастады.

Ломтадзенің түсіндіруінше, компанияның міндеті — бөлімше салу емес, клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру. Бөлімше ашу керек пе, әлде жабу керек пе — мұны дәл осы қажеттілік айқындайды.

«Бізде әңгіме ылғи былай: клиентке керек пе, керек емес пе. Клиентке керек болмаса, жабамыз. Клиентке керек болса, дамытамыз», — деді ол.

Ломтадзенің айтуынша, өнімді клиентпен бірге дамыту қажет, оның міндетін одан да жақсы шешудің жаңа мүмкіндіктерін ескеру керек. Бұл компанияның өзі қалай құрылғанын да қайта қарауға дайын болуды талап етеді.

«Біз ең алдымен клиентті ойлаймыз. Өзгеруіміз керек болса, өзгереміз», — деп атап өтті Kaspi.kz басшысы.

Компания дәл осы тәсілді дамудың келесі кезеңіне — күнделікті міндеттерге арналған жеке AI-көмекші жасауға да қолданып отыр.

Банк қызметі Қазақстан Республикасында лицензияланады.