Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің аралық қорытындысы шығарылды: 67 қатысушы ереже бұзған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тестілеуден 43 мыңнан астам үміткер өткен. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша шекті баллды 44% үміткер жинаса, кәсіптік бағыт бойынша 21% жинаған. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 75 баллды құраса, кәсіптік бағыт бойынша 23 балл болды. Ең жоғары балл — 138.
Магистратураға түсу үшін ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша шекті балл — 75, кәсіптік бағыт бойынша — 30 балл екені атап өтілді. Сонымен қатар, тестілеу басталғаннан бері ереже бұзғаны үшін 67 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқаны үшін 49 үміткер тестілеуге жіберілмеді. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 18 адам шығарылып, олардың нәтижелері де жойылды.
Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін онлайн апелляция бере алады. Апелляция 7 жұмыс күні ішінде қаралады, содан кейін үміткердің сертификаты жеке кабинетте қолжетімді болады, деп атап өтті министрлікте.
Ведомство кешенді тестілеуге барлығы 61 мыңнан астам өтініш түскенін еске салды. Ал биыл магистратурада оқуға шамамен 11 мың грант бөлінген.


