
- 09 сәу. 2025 10:09
- 90
Мәжіліс депутаттары агроөнім экспортын арттыру жолдарын талқылады
Бүгін Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитеті ұйымдастырған «Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты: проблемалары мен перспективалары» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Сыртқы істер вице-министрлері, Қаржы, Ұлттық экономика және Көлік министрліктерінің өкілдері, ұлттық компаниялардың басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
Комитет төрағасы Серік Егізбаевтың мәліметінше, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 5,1 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде өңделген өнімдер 52%, өсімдік шаруашылығы 43,5%, ал мал шаруашылығы 4,4% үлес алады. Сонымен қатар, еліміздің импорт көлемі 6,6 млрд доллар деңгейінде тұр. Импорттық тауарлар арасында азық-түлік өнімдері, бидай, шоколад, қант, нан және ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар, минералды сулар мен ірімшік сияқты тауарлар бар.
Серік Егізбаев, сауда балансының ауыл шаруашылығы саласында әлі де тиімсіз екенін атап өтті. Дегенмен, 2024 жылы елімізде 25,2 млн тонна астық жиналып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, экспорт әлеуетін арттырған. Мал шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік байқалады, Қазақстан ірі қара, қой еті, құс еті, бал, тері, акваөсіру өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алып отыр.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар логистикалық және кедендік рәсімдерді оңайлату, нарықтарға қолжетімділік, ет өнімдерінің экспорттық әлеуеті, ветеринариялық шектеулер, инфрақұрылымдық тосқауылдар және астықты сақтау мен тасымалдау мәселелерін кеңінен талқылады.