Франция президенті Эммануэль Макрон жеке хат жазысу барысында Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель мен Италияның экс-премьері Марио Драгиді қатты сағынатынын мойындаған. Бұл туралы журналист Франсуаза Дегоа мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігінің РБК-ге сілтеме жасап хабарлауынша, Францияның RTL басылымы Франсуаза Дегоаның «Вы все строги ко мне» кітабымен танысқан. Бұл еңбегінде ол Франция президентімен Telegram мессенджерінде шамамен екі жылға созылған хат жазысуының мән-жайын ашады. Дегоаның айтуынша, ол хабарламаларды жариялауға президенттен рұқсат сұрамаған. Кітап 5 қарашада жарық көреді.
Материалға сәйкес, Макрон жеке хат жазысуда Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель мен Италияның экс-премьері Марио Драгиді сағынатынын мойындаған. «Менің ішім пысып жүр. Барлығы көңілсіз, шығармашылық қуат жоқ. Марио Драги мен Ангела Меркельді қатты сағынамын. Иә, кейде болып жатқан жағдай мені ауыртады», — деп жазған Макрон 2024 жылдың қазанында Брюссельде өткен Еуропалық одақ саммиті кезінде.
Ангела Меркель Германия канцлері қызметін 2005–2021 жылдары атқарған және 2000–2018 жылдары Христиан-демократиялық одақтың (ХДО) төрағасы болған.
Марио Драги 2021–2022 жылдары Италияның премьер-министрі, 2011–2019 жылдары Еуропалық орталық банктің президенті қызметін атқарған.


