Жетісу облысында ірі қара малды сериялы ұрлау туралы қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Сарқан ауданының алты тұрғыны мал ұрлау айыбымен сот алдына келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ Polisia.kz медиапорталының мәліметінше, тергеу барысында қылмыскерлердің алдын ала сөз байласып әрекет еткені анықталды. Олар ұрланған малды Алакөл ауданының аумағынан Сарқан ауданына айдап әкелген, онда малдың бір бөлігін сойып, етін сатпақ болған.

Жетісу облысы прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде әрбір айыпталушының жасаған қылмысқа қатысы анықталды. Жинақталған дәлелдемелер оқиғаның толық бейнесін қалпына келтіруге және әрбір айыпталушының рөлін айқындауға мүмкіндік берді.

Сот үкімімен алты айыпталушының барлығы 61 бас ірі қара мал ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Мал иелеріне келтірілген жалпы залал 28,8 миллион теңгені құрады. Сот оларға екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.