Атырау облысында жұмыс істейтін қазақстандық «Аскер Мунай Эксплорэйшн» мұнай өндіру компаниясы негізгі учаскелерін игеру мерзімін айтарлықтай ұзартты. Бұл туралы оның қаржылық есептілігіндегі деректер көрсетеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2026 жылдың наурызында кәсіпорын 2003 жылғы 13 желтоқсандағы № 1280 келісімшартқа қосымша келісімге қол қойды. Құжат тұз үсті қабаттағы жер қойнауындағы өндіру кезеңін 2048 жылдың наурызына дейін ұзартады.

Сол айда «Аскер Мунай Эксплорэйшн» ауданы 759 шаршы шақырым болатын тұз асты қабатындағы дәстүрлі емес көздерден көмірсутек өндіруге жаңа келісімшарт жасады — мерзімі 2065 жылдың наурызына дейін. Осы келісім аясында топ геологиялық барлауды қаржыландыруға 1,25 млрд теңге бөлуге міндеттенді. Қаражат 2026–2030 жылдар аралығында тең үлеспен төленеді.

2026 жылдың 18 қыркүйегінде бекітілген 2025 жылғы аудиттелген шоғырландырылған есептілікке сәйкес, компания таза шығынын бес есе қысқартты — 2024 жылғы 10,45 млрд теңгеден 1,97 млрд теңгеге дейін. Салыстырсақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша шығын 4,3 млрд теңге, ал 2022 жылы 5 млрд теңге болған.

Дегенмен 2025 жылдың соңына қарай жиынтық жабылмаған шығын 46,7 млрд теңгеге жетті, сол себепті меншікті капитал терең минуста қалып отыр — жарғылық капиталы 23,39 млрд теңге болғанда минус 23,31 млрд теңге.

«Аскер Мунай Эксплорэйшн» активтері бір жылда 32,17 млрд теңгеден 34,7 млрд теңгеге өсті, оның 30,96 млрд теңгесі барлау және бағалау активтеріне тиесілі. Шоттардағы қаражат 32,6 млн теңгеден 355,9 млн теңгеге көбейді, тағы 132,8 млн теңге пайдалануы шектеулі ретінде есептеледі.

Компанияның міндеттемелері 58,01 млрд теңгеге дейін өсті, 2024 жылы бұл көрсеткіш 53,52 млрд теңге еді. Қарыздың негізгі бөлігі ұзақ мерзімді қарыздарға тиесілі — 46,51 млрд теңге. Қысқа мерзімді қарыздар 2,54 млрд теңгені құрайды, ал провизия сомалары 7,96 млрд теңгеден асады.

Әкімшілік шығыстар 487,2 млн теңгеден 647,4 млн теңгеге өсті. Алайда компания активтердің ауқымды құнсыздануынан құтылып кетті: осы бап бойынша шығындар 1,08 млрд теңгеден 19,1 млн теңгеге дейін құлдырады. Қаржылық шығыстар 3,43 млрд теңгені құрады, ал оң бағамдық айырма 1,87 млрд теңге әкелді, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш минус 5,72 млрд теңге болатын.

Компания Атырау облысындағы Қаратөбе-Бұрбайтал және Кобяковская учаскелерінде барлау және өндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыстар ауданы 92,9 шаршы шақырым, тереңдігі 1,9 шақырымға дейінгі тұз үсті Бұрбайтал кен орнын және ауданы 758,6 шаршы шақырым, тереңдігі 5,0–6,7 шақырым болатын тұз асты дәстүрлі емес көмірсутек көздері учаскесін қамтиды.

Компанияның 100 пайыз үлесіне ие жалғыз акционері — нидерландылық Petroleum Partners B.V. Түпкілікті бақылаушы тарап — Мальтада тіркелген Falcon NR&I Fund Sicav ашық инвестициялық қоры.

Бұған дейін «Курсив» мальталық қорға тиесілі компанияның Бұрбайтал кен орнында газ өндіруді бастау жоспарлары туралы жазған болатын.