Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссия отырысы өтті: күдіктілер анықталып, қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмектің барлығы көрсетілуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Отырыста алғашқы тергеу іс-шараларының нәтижелері, сондай-ақ болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтауға қатысты келесі қадамдар қаралды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов баяндағандай, қаза табу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке немқұрайлы қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалды.
«Тергеу әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды анықтады. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілуде», – деді Әділов.
Оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы бөлек қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов хабарлағандай, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Әскери қызметші есін жиып, қажетті медициналық көмектің барлығын алып жатыр, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасында ата-анасы бар.
Отырыс барысында қаза тапқандар мен зардап шеккен әскерилердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, түсетін қаражаттың барлығын бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте материалдық көмек заңда қарастырылған мемлекеттік төлемдер мен өтемақыларды ғана емес, бизнес өкілдері мен меценаттар тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдауды да қамтиды.
Осы қаражатты жинақтау үшін Маңғыстау облысының әкімдігі арнайы қор анықтады, оның қызметі тұрақты бақылауға алынды.


