Маңғыстау облысында авариялық тұрғын үй қорын жаңарту және азаматтарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласындағы, сондай-ақ Бейнеу және Қарақия аудандарындағы авариялық үйлерді жаңғырту жобаларымен танысты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 61 авариялық үй бар, оларды кезең-кезеңімен жаңартып, тұрғындарды қауіпсіз баспанаға көшіру жоспарлануда.

Жаңаөзенде Вокзал, Шаңырақ және Шұғыла шағын аудандарындағы 322 пәтерді қамтитын 25 авариялық үйді жаңарту көзделген. Тұрғындар жаңа үйлерге көшіріліп, ескі ғимараттар бұзылады. Олардың орнына заманауи инженерлік инфрақұрылымы мен абаттандырылған 180 және 160 пәтерлік жаңа үйлер салынады.

Бейнеу ауданында 17 авариялық үй бар: Боранқұл ауылында 12, Есетте 2, Ақжігітте 2 және Төлепте 1. Боранқұл мен Есет тұрғындарын көшіру үшін жаңа үйлер салынса, Ақжігіт пен Төлепте бұзу жұмыстары жүргізіледі.

Қарақия ауданында Мұнайшы ауылының Теміржолшы және Салтанат шағын аудандарындағы 15 авариялық үйді жаңарту жоспарлануда. Тұрғындарды көшіру үшін 336 пәтерлік 5 көппәтерлі тұрғын үй салынады.

Үш аумақтағы жаңа үйлердің жалпы ауданы 53 мың шаршы метрден асады. Құрылыс 2027 жылы басталып, 2029 жылы аяқталады.

Облыс әкімі авариялық үй тұрғындарын қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету өңірдің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтарды қауіпсіз әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Біз авариялық үйлер мәселесін жүйелі түрде шешуіміз керек. Бұл ретте тұрғындарды көшіру, жаңа үйлер салу және ескі нысандарды бұзу жұмыстары өзара байланысты және нақты жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Ең бастысы — құрылыс сапасы мен мерзімдерін қатаң сақтау, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін ескеру. Әр жоба бойынша жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажет», — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сапар қорытындысы бойынша әкім жауапты органдарға дайындық жұмыстарын жеделдетіп, жобалардың белгіленген мерзімде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.